Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері дүниеден өтті...

Тоқсан төрт жасқа қараған шағында мемлекет және қоғам қайраткері, даңқты мұнайшы, КСРО Мұнай өнеркәсібінің үздік қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы, Атырау облысының Құрметті азаматы, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер Есен Тасқынбаев дүниеден өтті.

Есен Тасқынбайұлы 1932 жылғы 10 наурызда Атырау облысы Жылыой ауданының Жаршық ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. Ол И.Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1954 жылы «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне қарасты Құлсары бұрғылау жабдықтарын жөндеу мекемесінде слесарь болып бастаған. Кейін осы мекемеде прораб, бас механик қызметтерін атқарды. 1959-1964 жылдары «Құлсарымұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының бас механигі болды. Іскерлігі, шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1964 жылы Гурьев қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. 1965-1977 жылдары – Қазақстан Компартиясы Гурьев қалалық комитетінің бірінші хатшысы, 1977-1987 жылдары – халық депутаттары Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1987-1992 жылдары Гурьев облыстық агроөнеркәсіп комитеті төрағасының ғылым және білім беру мекемелері жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды.1995 жылдан бастап құрметті еңбек демалысына шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, 1995–2009 жылдары Атырау облыстық әуесқой аңшылар мен балық аулаушылар қоғамы басқармасының төрағасы болып еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің нығаюы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосты. Есен Тасқынбайұлы КОКП-ның ХХV және ХХVII, Қазақстан Компартиясының ХІІ және ХVI съездерінің делегаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің VIII-XI шақырылымдарының депутаты болып сайланды. Сондай-ақ «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі Атырау облыстық филиалы төралқасының мүшесі болды.

Гурьев, қазіргі Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық және мәдени-тұрмыстық дамуына қосқан ұзақ жылдық елеулі еңбегі үшін Есен Тасқынбайұлы «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Екі мәрте Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын медалін иеленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен наградталды. КСРО мен Қазақ КСР-дің еңбек сіңірген мұнайшысы, КСРО және Қазақ КСР Мұнай өнеркәсібінің үздігі. Атырау облысының, Атырау қаласының және Жылыой ауданының Құрметті азаматы.

Есен Тасқынбайұлының отбасы мен туған-туыстарына «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі атынан қайғырып, көңіл айтамыз.