Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау шаралары күшейтіледі

Атырауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытындағы жұмыстар күшейтіледі, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Жиында арнаулы әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік нысандарды бейімдеу, инклюзивті білім беру мәселелері талқыланып, басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Кеңес қорытындысында Жасұлан Бисембиев мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, бүгінде Атырау облысында 27 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Оларға сауықтыру орталығы және 4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы қолдау көрсетеді. Сонымен қатар өңірде ерекше қажеттілігі бар азаматтарды тасымалдаумен айналысатын 130 инватакси жұмыс істейді.