Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Астанада қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды AtyrauPress.
«Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – аса маңызды әлеуметтік міндет. Қазіргі таңда облыс бойынша тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрған азаматтардың саны – 29 437. Облыста көпқабатты 52 тұрғын үй салынып жатыр. Мұнда бас-аяғы 3 382 пәтер болады. Олардың жалпы ауданы – 300 мың (299,7 мың) шаршы метрге жуық. Ал жыл аяғына дейін көпқабатты 10 тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл – 944 отбасыға шақталған пәтерлер», - деді облыс басшысы.
Бұдан бөлек облыста халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің басқа да тетіктері қолданылып жатыр. Мәселен, 35 жасқа дейінгі жастарды тұрғын үймен қамту үшін «Атырау жастары» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет есебінен 1 млрд теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде осы бағдарлама аясында 100-ге жуық жас маманды баспанамен қамту жоспарланып отыр.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА