Атырауда кімдер автобуспен тегін жүретіні айтылды

Атырауда мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікте тегін қатынайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгін, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған 25-ке жуық ата-анамен кездесті. Олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Ата-аналар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Өтінішін айтып келген тұрғындардың мәселесін тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бүгіннен бастап мүмкіндігі шектеулі бала тәрбилеп отырған ата-аналар қоғамдық көлікпен тегін қатынайтынын айтты.

- Қазіргі таңда қоғамдық көліктерде тегін жүрушілер қатарына өзгерістер енгізіп, мүмкіндігі шектеулі жанмен бірге жүретін адамды да тегін қатынауы үшін әкімдіктен қаржы бөлу мәселесі мәслихат отырысында қаралады. Бұл - күн тәртібіндегі басты мәселе. Елімізде бірнеше жылдан бері әлеуметтік портал жұмыс істеп тұр. Сол арқылы аяқ-киімнің түрлері, өлшемі сынды параметрлерді таңдап аласыздар. Аяқ-киімдерді заттай емес, ақшалай беру әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Бұл турасында тиісті министрліктерге ұсыныс жолданады. Ал тұрғын үй заң бойынша кезек реттілігімен беріледі. Сондай-ақ сіздер көтерген өңірлік деңгейдегі мәселелер өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешімін табады,-деді Ж.Бисембиев.

Кездесуде Жасұлан Бисембиев аналарға жергілікті әкімдік дейгейіндегі мәселелер оң шешімін табатынын айтты. Сондай-ақ әлеуметтік сала мамандарына мүгедектік туралы мәселелер бойынша телеграмм чат құрып, оған ата-аналармен қоса барлық мемлекеттік орган басшыларын тіркеуді тапсырды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ