Атырауда және еліміздің өзге өңірлерінде «Халықтық бухгалтер» акциясы басталды, деп хабарлайды AtyrauPress.лшш
Мұндай қолдауға қажеттілік кәсіпкерлердің салық заңнамасындағы өзгерістерді дер кезінде түсінуі, есеп тапсыру кезінде қателіктерге жол бермеуі және мемлекеттік органдармен өзара жұмысты жеңілдету мақсатынан туындаған. Әсіресе шағын бизнес үшін кәсіби бухгалтерлік қызметке қолжетімділік әрдайым оңай бола бермейді.
Бұрын кәсіпкерлер мұндай кеңесті көбіне жеке бухгалтерлерден немесе ақылы қызмет арқылы алатын. Енді «Халықтық бухгалтер» акциясы аясында кәсіби бухгалтерлер, аудиторлар, бухгалтерлік ұйым өкілдері және мемлекеттік кірістер органдарының тәжірибелі мамандары тікелей, тегін кеңес береді. Негізгі формат – мемлекеттік кірістер басқармаларында өтетін бетпе-бет қабылдау. Қаңтар–ақпан айларында кеңес беру аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Наурыз айынан бастап қабылдау аптасына екі рет өтеді. Қабылдау орындары арнайы «Халықтық бухгалтер» деген маңдайшамен белгіленген.
Айта кетейік, офлайн кеңестерден бөлек, кәсіпкерлер үшін бейне және телефон арқылы кеңес алу, ресми онлайн ресурстар арқылы сұрақ қою, сондай-ақ есепті кезеңдерге орай вебинарлар мен тақырыптық сессияларға қатысу мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция салық төлеушілермен жұмыс істеуде бақылаушы модельден сервистік сүйемелдеу жүйесіне көшудің алғашқы қадамы болып саналады. Акция 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.
Жанат Шаяхметова,
Фото Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен алынды.