Атырауда әйелдерге арналған инклюзивті STEM жобасы іске қосылмақ

«Самұрық-Қазына» АҚ мен «Exxon Mobil Kazakhstan» ауқымды білім беру жобасы «Барлығына арналған STEM-орта» бағдарламасын іске асыруда. Жоба 18-45 жас аралығындағы 250 әйелді қамтуды жоспарлап отыр,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қатысушыларды іріктеу маусым айында басталады. Жобаға студенттер, балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері және педагогикалық білімі бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс істемейтін әйелдер қатыса алады. Ерекше назар мүгедектігі бар әйелдер мен мүгедек баласы бар аналарға аударылмақ.

- Бұл жоба – инклюзия мен білім беру саласындағы жұмысымыздың қисынды жалғасы. STEM-бағдарлама қатысушыларға кәсіби өсу үшін нақты құрал береді және өңірдің тұрақты дамуына қосқан үлес болмақ. Қатысушылар заманауи цифрлық құралдарды меңгеріп, STEM пәндерін оқыту әдістерін игеререді. Сонымен қатар гранттармен жұмыс істеу және мектептерде жобалық қызметті ұйымдастыруды үйренеді, – деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.

Оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – базалық білім алуға мүмкіндік беретін онлайн-курстар. Кейін Жылыой, Құрманғазы, Махамбет, Мақат ауданы және Атырау қаласында офлайн-тренингтер мен ауқымды хакатондар өткізіледі. Оқыту нәтижесінде үздік шыққан 100 қатысушыға STEM-тренер сертификаттары табысталады.