Атырауда «Дархан дала» туризм жобасы жүзеге асуда

Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы бастаған делегация Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дархан дала» отандық рухани туризм жобасы аясында Жылыой ауданына барды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сапар аясында Төкен Танаұлы, Ілия Жақанов сынды ел ағалары жергілікті тұрғындармен кездесті. Тарихи орындарға мінәжат ету тәртібі, тарихи орындарды ұлықтау арқылы туризмді дамыту мәселелері қозғалды. Алтынбек Ұтысханұлы мүфтият бекіткен жобаның мән-маңызына тоқталды.
– «Дархан дала» жобасы халқымыздың тарихы мен тұлғаларын ұлықтауға арналған. Біз зиярат етудің өзіндік тәртібі бар екенін ұмытпауымыз керек. Жалпы, әр өңірде тарихи орындар жетерлік. Ақмешіт пен Құлшан ата жерасты мешіттерінің бай тарихы бар. Біз осындай өткеннің өнегесін жас ұрпаққа насихаттауымыз керек, - деді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ