Атырауда биыл қанша үй сүрілетіні белгілі болды

Атырау қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында апатты деп танылған тұрғын үйлерді сүру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы қала әкімдігі тарапынан берілген ресми ақпаратта айтылды. Мамандардың мәліметінше, 2025 жылы қала аумағында апатты жағдайдағы 5 мекенжайда орналасқан 8 қосқабатты тұрғын үй сүрілген. Аталған жұмыстарға 10 маман мен 8 арнайы техника тартылып, құрылыс қауіпсіздігі мен еңбек қорғау талаптары толық сақталған.

Сүру жұмыстары Қожақаева көшесі, 1-үйде, Бейбітшілік көшесі, 64 және 66-үйлерде, Достық көшесі, 8 және 12-үйлерде, Оңдасынова көшесі, 9-үйде, сондай-ақ Стаханов көшесі, 3 және 4-үйлерде жүргізіліп, белгіленген мерзімде толық аяқталған. Мердігер ұйым ретінде «AG Disinfecting» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс атқарған.

Апатты деп танылған үйлердің тұрғындары алдын ала жаңа әрі қауіпсіз пәтерлерге көшірілген. Қоныс аудару барысында тұрғындардың әлеуметтік жағдайы ескеріліп, барлық ұйымдастыру жұмыстары жергілікті атқарушы органның бақылауымен жүргізілген.

Сонымен қатар, 2025 жылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қала аумағында 117 жер үйді сүру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар да экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сәйкес жүргізіліп, аумақтар толық тазартылған.

Айта кетейік, 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Атырау қаласында 47 жеке тұрғын үй мен апатты жағдайдағы 6 көпқабатты тұрғын үйді сүру көзделіп отыр. Аталған жұмыстардың басым бөлігі Ескі қала шағын ауданында жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде қала инфрақұрылымын жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.