Атырауда Шаңырақ күніне орай Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияда «Берекелі шаңырақ» өнерлі отбасылар фестивалі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Іс-шарада 10 отбасы сахна төрінде өнер көрсетіп, тәлім-тәрбие мен отбасы құндылықтарын көпшілікке насихаттады. ӨКҚ мәліметінше, салтанатты іс-шараның ашылуына қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров қатысып, отбасы бірлігінің жарқын үлгісін
көрсеткен қатысушыларға алғыс хат пен ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының басшысы Марсель Нысанбаев айтуынша, фестивалдің басты мақсаты отбасылық шығармашылықты қолдап, өнерлі әрі дарынды отбасыларды көпшілікке таныту, ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны, отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың қабілеттерін дамытуға және өз таланттарын көрсетуіне мүмкіндік жасау.
- Сахнада әрбір қатысушы жанды дауыста ән айтып, би билеп, ұлттық аспаптарда сүйемелдеу арқылы өнерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл фестиваль жас отбасыларға өздерін жаңа қырынан танытып, таланттарын көрерменге ұсынуға, сондай-ақ отбасы құндылығының маңызын тереңірек түсінуге жол ашты, - деді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты.