Атырау облысында биыл 2674 адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, көмектің басым бөлігі шартты ақшалай көмек түрінде берілген. Бұл мақсатқа 84,5 миллион теңге бөлінген.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Жанар Хайсенованың айтуынша, шартты көмек 315 отбасыдағы 2010 адамға тағайындалған. Ал 132 отбасыдағы 670 адам шартсыз ақшалай көмек алған.
— АӘК алушылардың басым бөлігін 18 жасқа дейінгі балалар құрайды. Шартты ақшалай көмек алушылардың арасында 494 еңбекке қабілетті азамат бар. Оның ішінде 36 жұмыссыз адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, 19-ы тұрақты жұмысқа орналасты, — деді ол.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын 376 отбасыдағы 757 балаға қосымша төлем қарастырылған.
Мамандардың айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған. Бұл төлем отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда тағайындалады.