Атырауда ауыл тұрғындары апта бойы сусыз отырған

Құрманғазы ауданы Хиуаз (бұрынғы Дәшін) ауылында су айдау стансасының трансформаторы істен шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тұрғындар коммуналдық мәселенің ушығып бара жатқанын әлеуметтік желіге де жазған болатын.

"Хиуаз тұрғындары ауызсудан тапшылық көріп отыр. Мұхитов пен Рысқалиев көшелерінде су мүлде жоқ. Бұған кім жауап береді? Атқамінерлерден сұрасақ, біріне бірі сілтейді" деп жазды олар.

Біз мәселенің мәнісін білмек болып аудан әкімдігіне хабарластық.

"2021 жылдың қарашасында Жаңаталап ауылдық округінің су айдау стансасы "Құрманғазы су арнасы" ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына берілген болатын. Таза ауызсу тұрғындарға күніне екі рет белгіленген уақытта беріліп отырды. Ал, биыл 7 маусымда су беру уақытша тоқтатылды. Бұған трансформатордың істен шығуы себеп болды. "Атырау-Жарық" АҚ мамандары ақауды анықтап, құрылғы жөндеу цехына жеткізілді. Қазір ол қайта іске қосылып, тұрғындарға су беріле бастады. Жалпы, жазғы мезгілде мұндай проблемалар аракідік орын алып тұрады. Себебі, су тұтыну көлемі көбеймесе, азайып жатпағаны түсінікті ғой" дейді әкімдіктің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: liter.kz