Атырауда «Ардагер дәрісі» жобасы бастау алды

Атырау облысында құқық қорғау органдары жүзеге асырған «Ардагер дәрісі – рухани тәрбие негізі» жобасы басталды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мамыр айына дейін жалғасатын жобаның аясында құқық қорғау органдарының ардагерлері Атырау қаласы мен аудан аумақтарындағы 8 колледжде және жалпы білім беретін 26 мектепте жастармен кездесулер өткізеді.

Алғашқы дәріс Исатай Тайманов атындағы жалпы білім беретін мектепте өтті. Кездесуде ардагерлер заңға бағыну мәдениеті, құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіпті сақтау және отансүйгіштік құндылықтары жөнінде мазмұнды әңгіме өрбітті.

— Нақты өмірлік мысалдар арқылы құқықтық сауаттылықтың маңызы мен заң талаптарының салдары кеңінен түсіндірілді. Жобаның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында заң үстемдігіне құрметті қалыптастыру, тәртіпке бағыну мәдениетін арттыру және қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейту,- деді құқық саласының ардагері Әспенби Жарылғасов.

Айта кетейік, бастама Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидатын білім беру ұйымдарында жүйелі түрде насихаттауға бағытталған.