Атырауда апатты үй көп...

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов апатты және тозығы жеткен үйлер мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, республика бойынша жалпы тұрғын үй қоры 54 731 көппәтерлі үйді құрайды, оның ішінде 752 үй апатты, 3024 үй тозығы жеткен деп танылған.

«Атырау облысында 119 апатты үй бар, олардың бір бөлігі Индер, Махамбет, Мақат, Құрманғазы аудандарында орналасқан. Өңірдегі сайлауалды жұмысымызда осындай бірнеше үйді араладық. Бұл үйлердің ішінде ылғал, көгеру бар, қабырғалар мен төбелер жарылған, төбелерден су ағады. Мұндай пәтерлерде әдетте зейнеткерлер, аз қамтылған адамдар тұрады. Олар үшін жағдайларын жақсартудың жалғыз үміті – мемлекеттің көмегі. Астанада да осындай мәселе бар, сараптамалар мен техникалық зерттеу нәтижесі бойынша 206-ға жуық үй апатты деп танылып, бұзылуды күтіп тұр», - деді Д. Тұрғанов Мәжілістің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, «АМАNАТ» партиясы бұл мәселемен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. 2021 жылы өңірлерде тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы бекітілді, онда іске асыру тетігімен өлшемдері, оның ішінде жөндеуге жататын объектілердегі үй иелеріне шығындарды өтеу тәртібі мен шарттары белгіленген.

2022 жылдың соңында «Атырау қаласының тұрғын үй қорын жаңартудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленді. Бұл бағдарламаға апатты 82 үйден бөлек, қаладағы тағы 155 тозығы жеткен үй кіреді.

Биылғы қаңтарда «Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі» кеңесте Мемлекет басшысы елорда әкімдігіне Үкіметпен бірлесіп, апатты үйлерді жаңарту және жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.

«Тәжірибе көрсеткендей, аталған мәселені түбегейлі шешу үшін тек қана жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат жеткіліксіз, сондықтан республикалық бюджеттен де қаржы қарастыру керек. Мысалы, Атырау облысындағы апатты үйлердің тұрғындарын көшіруге шамамен 34 миллиард теңге қажет, Астана қаласы бойынша 115 млрд теңге және үйді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қосымша 117 млрд теңге керек. Бірақ Қаржы министрлігі бұл жобаларға республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қолдамай отыр», - деді Д. Тұрғанов.

Сонымен бірге, депутат «Отбасы банкі» арқылы несиелік тұрғын үйді қаржыландыру үлгісі бойынша, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін облигациялар шығаруды ұсынды.