Атырау қаласында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 44 аумақта жаңа ойын алаңдары, спорттық жаттығу орындары және кіші футбол алаңдары салынып жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Дулат Қуанғали мәлімдеді.
Оның айтуынша, Азаттық пен М.Қазырет көшелері, Еркінқала 1–2, Авангард шағынауданы, Владимирский мен Абай көшелері, Алмалы ауылдық округі және басқа да аумақтар жобамен қамтылған. Құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталған. Алаңдар халықаралық стандарттарға сай жабдықталуда: кіші футбол алаңдарына жасанды көгал төселіп, қауіпсіздік қоршаулары, жарық шамдары, шағын қақпалар және ойын аймақтары орнатылуда.
Сонымен қатар «Балалар ойын және спорт алаңдарын жаңарту» жобасы аясында қаладағы 40 мекенжайда жаңа ойын алаңдары мен Ашық спорттық жаттығу орындары жасақталып жатыр. Қазір резеңке қабат төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, барлық нысан жыл соңына дейін толық пайдалануға беріледі.