Атырауда 29 әлеуметтік нысан лицензия алды

Өткен жылы Атырау облысында арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 29 ұйым халықты әлеуметтік қорғау саласы бойынша лицензиядан өтті. Лицензиялау талаптары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес міндетті болды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл бастама қызмет сапасын арттыруға, қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға, сондай-ақ салада бірыңғай стандарт қалыптастыруға бағытталған.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасановтың айтуынша, лицензия алу үшін ұйымдар бірқатар талапқа сай болуы тиіс.

- Талаптарға сай болу үшін бірқатар нысан жаңа ғимараттарға көшірілді. Мысалы, бұрын Алмагүл ықшамауданындағы жертөледе орналасқан өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта әлеуметтендіру орталығы Атамбаев көшесіндегі жаңа үш қабатты ғимаратқа қоныс аударды, - деді ол.

Сондай-ақ Исатай, Құрманғазы, Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы арнайы әлеуметтік мекемелер де лицензиялық талаптарға сәйкес жаңа ғимараттарға орналастырылған.