Атырауда 19 отбасы жаңа пәтерге ие болды

Атырау қаласында Наурызнама онкүндігі аясында аталып өтетін Шаңырақ күніне орай 19 отбасыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Салтанатты шара барысында «Аягөз» тұрғын үй кешенінен берілген жаңа баспаналар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға үлестірілді. Атап айтқанда, пәтерлер көпбалалы аналарға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, I және II топ мүгедектігі бар жандарға, сондай-ақ соғыс ардагерлерімен теңестірілген азаматтарға табысталды.

Пәтер кілттерін Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов табыстап, қоныс иелерін мерекемен құттықтады.

— Шаңырақ – қазақ үшін қасиетті ұғым. Бүгін біз ерекше қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл – әр отбасының өз шаңырағында алаңсыз өмір сүруіне жол ашатын маңызды қадам. Қуанышты жаңалық мұнымен шектелмейді. Алдағы күндері тағы 18 отбасы жаңа баспанаға ие болады. Құрметті қоныс иелері, жаңа үйлеріңіз құтты болсын! Әр шаңыраққа шаттық орнап, береке мен бірлік салтанат құрсын, – деді Тілек Алдабергенұлы.

Жаңа баспана иелері өз қуаныштарымен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, бұл бастама – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі.