Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында Атырауда әлеуметтік инфрақұрылымның 1440 нысаны толықтай бейімделді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Аманат» партиясының Жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 1800 нысанды бейімдеу көзделген. ӨКҚ мәліметінше, 2025 жылға дейін 60% нысан бейімделген.
- Жалпы алғанда, өңірде 1,8 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы INVAGOV порталында бейімдеуге енгізілген 444 нысан толықтай қамтылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтардың қозғалысын жеңілдету мақсатында инватакси қызметі де дамып келеді. Қазір облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 145 инватакси қызмет көрсетеді. Оның ішінде 5 көлік арнайы жабдықталған болса, 141-і стандартты тасымал қызметін атқарады, - деді Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Құралай Тлеумағанбетова.
Сондай-ақ ол, жыл басынан бері осы инватакси қызметтері арқылы қозғалысы қиын 153 азаматқа 306 рет тасымал қызметі көрсетілгенін айтты.