Атырауда 1 млрд теңгенің ойын алаңы быт-шыт болды (+ВИДЕО)

«100 аула» жобасы аясында 1,37 млрд. теңгеге салынған ойын алаңы жарамсыз күйге түсті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тұрғындар алаңның сапасыз салынғанын алға тартса, ал, жауаптылар тұрғындардың өздерін кінәлайды. Авангард мөлтекауданының тұрғындары құрылыс жұмыстарының сапасыздығына наразылықтарын әлеуметтік желі арқылы жеткізді. Айтуларынша, алдымен тұрғындарға жаңа ойын алаңының жоспардағы жобасы ұсынылыпты. Алайда, кейін мүлде басқа алаң салынған. Бейнежазбадан ойын алаңының әбден быт-шыты шыққанын көруге болады. 

«Бұл алаң талай жөнделді, бірақ сапасыз болған соң, бұзыла береді. Мұнда басқа жерден де балалар келіп ойнайды. Оларды да түсінуге болады.Себебі, өздерінде ондай алаң жоқ. Мәселе алаңның сапасыз салынғанынан туындап отыр. Мәселен, біз белсенділер болып сатып алған ойын құралдары екі жылдан бері сапасын сақтап тұр. Мен былтыр ТШО-дан 4 млн теңге грант ұтып алған едім. Оның 3 млн теңгесіне құрал алып, қалғанын құрылысшыларға төледік. Мен құрылғыларды өзім таңдадым. Бағаларын салыстырып, ең арзанын алсам да, сапасы өте жоғары. Тіпті, Орал қаласындағы балалар ойын құралдарын жасап шығаратын цехқа да бардым» дейді қала тұрғыны Айсұлу Исенбаева.

Ал, қалалық ТКШ бөліміндегілер алаңдардың сапалы екенін және тиісті сертификаттары барын да айтады.

"Бейнежазбада бір әткеншекке бір топ баланың мініп отырғанын көруге болады. Осының өзінен  тұрғындардың жауапсыздығын көріп отырмыз. Бала өте көп. Бәріне өздері кінәлі" дейді олар.

Айта кетейік, «100 аула» жобасы бойынша жұмыстар былтыр басталған болатын. Биыл қазан айына дейін Балықшы, Авангард, Лесхоз, Алмагүл, Азаттық даңғылы, қала орталығы мен сол жағалауда жұмыстар бітуі тиіс.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ