Атырау облысында сауда орындарына қатысты жаңа талаптар енгізілмек

Атырау облысында халықты сауда алаңдарымен қамтамасыз етуге қатысты нақты нормативтер бекітіледі, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Облыс әкімдігінің "Атырау облысының халқын сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің минималды нормативтерін бекіту туралы" қаулы жобасы әзірленіп, қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бұған дейін өңірде сауда инфрақұрылымына қатысты нақты талаптар болмаған. Соның салдарынан сауда нысандары кей жерлерде шектен тыс шоғырланып, басқа елдімекендерде мүлде жетіспейтін. Бұл жағдай тұрғындардың қолайлы саудаға қол жеткізуіне кедергі келтіріп, кәсіпкерлер үшін тең емес жағдай қалыптастырды.

Жаңа қаулы жобасында елдімекен халқының санына қарай сауда алаңдарының минималды көлемі нақты есептеледі. Яғни, 1000 тұрғынға шаққанда қанша шаршы метр сауда алаңы қажет екені анықталып, бірыңғай талап енгізіледі. Бұл шешім сауда желісін жоспарлы дамытуға, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасауға және халыққа жақын орналасқан сауда нысандарын көбейтуге бағытталған.

Жобаның мақсаты – өңірде тиімді әрі қолжетімді сауда инфрақұрылымын қалыптастыру. Құжатты дайындаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, жаңа талаптар ешқандай әлеуметтік немесе экономикалық кері әсерге әкелмейді.

Қоғамдық талқылау 2025 жылғы 29 қазанға дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін азаматтар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіре алады.