Атырау облысында 5,5 мыңнан астам тұрғын банкроттыққа өтініш берген

Биыл Атырау облысында соттан тыс банкроттық рәсіміне 5 522 адам өтініш берді, деп хабарлайды AtyrauPress. Оның 641-і мақұлданып, 457 азамат банкрот деп танылды.

Қазір 307 өтініш қаралып жатыр. Ал 4 029 адамның сұранымы заң талаптарына сай келмегендіктен кері қайтарылған.

Мамандардың айтуынша, банкроттыққа жүгінгендердің басым бөлігі тұрақты табыстың болмауы, жұмыссыздық және несие жүктемесінің артуына байланысты өтініш берген.

Заңға сәйкес, соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін қарыз мөлшері 1 600 АЕК-тен (шамамен 6,3 млн теңге) аспауы тиіс. Сондай-ақ қарызды өтей алмағанына кемінде 12 ай өтуі немесе табыстың болмауы талап етіледі.

Банкрот деп танылған азаматтар 5 жыл бойы несие рәсімдей алмайды, ал олардың қаржылық жағдайы 3 жыл бақылауда болады.