Атырауда «LokoStep» оңалту кешені іске қосылды

NCOC компаниясы облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығына локомоторлық оңалту аппаратын сыйға тартты. Бұл туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл кешен инсульт алған, сондай-ақ бас миы мен жұлын жарақаттарымен ауыратын және әр түрлі патологиялық жағдайлардан кейін жүру функциясы бұзылған және бала кезінен бастап церебральды сал ауруымен ауыратын науқастарға арналған.

- Кешен облыс бойынша әзірге жалғыз, осы орталықта ғана іске қосылып отыр. Бұл жалпы тірек-қимыл терапиясы үшін таптырмас аппарат. Осындай ауқымды аппаратты алып берген NCOC компаниясына алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, мұндай тарту NCOC компаниясының алғашқы жобасы емес. Осыған дейін де бірнеше рет қажетті құрал-жабдықтарды орнатты. Мәселен, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сумен емдеу процедурасы үшін душ жабдықтарын алып берген болатын,- деді А.Мәмбетов.

Айта кетейік, облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығы 16 жастан асқан 1 және 2 топтағы мүгедектерге қызмет көрсетеді. Мұнда мүгедектігі бар жандар жылына екі рет оңалту курсынан өтеді. Өткен жылы бір мыңнан аса адам қызмет алған. Жалпы орталық 55 орынға арналған. Дегенмен қосымша ем алуышалар үшін арнайы кабинет жасақталған.