Атырау қаласының әкімі актив жиналысын өткізді

Бүгін қала әкімі Шәкір Кейкиннің төрағалығымен Атырау қаласы әкімдігінің актив жиналысы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Жиынға қалалық мәслихат төрағасы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, дербес бөлімдердің және коммуналдық мекемелердің басшылары, қалалық полиция басқармасының өкілдері қатысты.

Басқосу барысында қала әкімі үш жылға жуық уақыт бойы қала әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік еткен орынбасары Нұржан Мақсотұлы Ермұхановтың еңбегіне алғыс білдіріп, жаңа қызмет орнында табыс тіледі.

- Нұржан Мақсотұлы қала тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу, жастар мен спорт, мәдениет және білім саласында ауқымды жұмыстар атқарды. Еңбегіңіз бен жауапкершілігіңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Алдағы қызметіңізге сәттілік тілеймін, — деді қала әкімі.

Сонымен қатар, қала тазалығына жауапты «АрнаулыАвтобаза» мекемесінің орынбасары болып ұзақ жыл еңбек еткен Марат Құрақбайұлы Құбаевты зейнеткерлікке шығуына байланысты қала басшысы атқарған еңбегін жоғары бағалап, Алғыс хат табыстап, дәстүр бойынша шапан жапты.

- Қаланың тазалығы мен тәртібі – ең жауапты салалардың бірі. Сіз өз ісіңізге адалдықпен қарап, талай жыл бойы қаламыздың көркеюіне үлес қостыңыз. Зейнет жасыңыз құтты болсын!— деп жылы лебізін білдірді.

Жиын соңында шаһар басшысы әріптестеріне қоғам алдындағы жауапты міндетті бірлесе атқарып, Атыраудың өркендеуіне бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.