Атырау қаласы маңындағы ауылдарда зиянкестерді улап жатыр

Атырау қаласына жақын орналасқан елді мекендерде зиянкестердің таралуының алдын алу мақсатында улау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазір Жайық өзенінің екі жағалауында «WSS» және «AG Desinfection Services» мекемелері Талғайран, Аспа, Алмалы және Береке ауылдарында дезинфекция шараларын қолға алған. Мамандар жерді шамамен жарты метр тереңдікте қазып, у себу жұмыстарын жүргізуде. Бұл әдіс зиянкестердің көбейіп, ауылдарға қарай жылжуына жол бермеуге бағытталған.

Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, жұмыстар бір уақытта бірнеше елді мекенде жүріп жатыр.

«Тұрғындарға кеміргішке арналған у таратылып, оны дұрыс қолдану тәсілі түсіндірілді. Препаратты қай жерге және қалай орналастыру керектігі көрсетілді. Барлық жұмыс қауіпсіздік нормаларына сай атқарылуда», — деді ол.