“Аты бар да, заты жоқ”: депутаттар отбасын қолдау орталықтарын сынға алды

Депутаттар отбасын қолдау орталықтарының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды AtyrauPress Парламент Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мәжіліс депутаттары Жанар Асанова мен Назиля Ниязова Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында биылдан бастап жұмыс істей бастаған Отбасын қолдау орталықтарының қызметінде бірқатар жүйелі проблемалар бар екенін атап өтті.

«Алматы қаласындағы орталықты аралау барысында біз тек формасы бар, бірақ мазмұны жоқ жұмысқа куә болдық. Балалар мен әйелдердің қауіпсіздігі сөз болып тұрған кезде мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деді депутат Жанар Асанова.

Депутаттар орталықтар мен дағдарыс орталықтарының функциялары ажыратылмағанын, психологиялық көмек кәсіби деңгейде көрсетілмейтінін және кадр тапшылығы барын сынға алды. Сондай-ақ қаржыландырудың жеткіліксіздігі, заманауи жабдықтың жоқтығы, FSM Social жүйесінің тұрақсыздығы да негізгі мәселелер қатарында.

«Қазіргі ахуал орталықтардың идеясының өзіне нұқсан келтіреді. Біз олардың нақты миссиясын бекітіп, алдын алу шараларына басымдық беруіміз керек», – деді Назиля Ниязова.

Депутаттар Үкіметтен орталықтардың моделін жетілдіруді, функцияларын нақтылауды, қаржыландыру мен кадрлық құрамды күшейтуді және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмін енгізуді сұрады.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ