Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау саласындағы алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Үкімет отырысында Премьер-министр әлеуметтік сала мемлекеттің басым бағыты болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалады.
Сонымен бірге Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігіне назар аударды.
- Артық қаржыландыруды тоқтату қажет. Адал бәсекелестікте жұмыс істей алмаса, бізге мұндай бизнестің қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтықтың кең таралғаны белгілі, — деді Премьер-министр. Осыған байланысты Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта ішінде жекеменшік ұйымдарды субсидиялау тетіктерін қайта қарау және нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.
Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтықтың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеу міндеттелді.