Бұл туралы Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Болат Анжанов брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мемлекеттік аудит Тексеру комиссиясының 2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді. Аудитке еңбек, санитариялық-эпидемиологиялық, төтенше жағдайлар, сондай-ақ медициналық және фармацевтикалық бақылау салалары бойынша уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандары тартылды.
Аудит облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1, №2, №3 және №4 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарын, сондай-ақ облыстық мүгедектерді сауықтыру орталығын қамтыды. Бұл мекемелерде қазір 1200-ден астам адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдері, санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауына қатысты заңбұзушылықтар анықталды.
Аудит қорытындысымен уәкілетті органдарға 52 факт бойынша әкімшілік іс жүргізу материалдары жолданды. Нәтижесінде заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұлдар салынды. Анықталған заңбұзушылықтардың бір бөлігі аудит барысында және Тексеру комиссиясының қорытынды отырысына дейін жойылды. Қалған кемшіліктерді жою және заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында нақты ұсынымдар берілді, – деді Б.Анжанов.
Спикердің айтуынша, Тексеру комиссиясы алдағы уақытта да арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуына бақылауды жалғастырмақ.