Амангелді Айталы өмірден өтті....

Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өзінің фейсбук парақшасында жариялады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

"Амангелді Айталы ағамыз мәңгілікке аттаныпты. Парасаты мол, рухани тұңғиық азамат еді. Қазақтың рухани әлемін дамытуға өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Амангелді Айталы ағамыздың туған-туыс, жақын- жекжаттарына қайғырып көңіл айтамыз. Жаны жәннатта болсын, Ағамыздың!" деп жазды ол.

Айта кетейік, Амангелді Әбдірахманұлы Айталы (10 қыркүйек 1939 жылы Астрахан облысы, Володар ауданы, Болдырево ауылында туған) — ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Философия ғылымының докторы, профессор. ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры. Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызыметкері. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы. Ол өзінен кейін мәңгілік мол мұра –  жүзден астам ғылыми мақала мен бес монография қалдырып отыр.