«Әлемнің сыйы – әйел»

Халықаралық әйелдер күніне орай Құрманғазы аудандық мәдениет үйінде шара өтті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Өзге мерекелерден ерекшеленетін 8 наурыз – әлемдегі барша нәзікжандылармен қоса, ерлердің де асыға күтетін мейрамы. Бұл күні бірі өмір сыйлаған анасын құттықтауға асықса, енді бірі бақытқа бөлеген асыл жарын, перзентін құттықтауға асығады. Сол себепті де аудан өнерпаздары бұл күнді ұмытылмастай етіп өткізуге тыңғылықты дайындық жүргізіпті. Сәні мен салтанаты келіскен мерекелік шара шымылдығы ВИА «Толқын» халықтық-вокальді аспаптар ансамблінің орындауындағы «Ана» әнімен ашылды. Одан әрі сахна төріне аудан әкімі Марат Мурзиев көтеріліп, барша құрманғазылық әйелдер қауымына ізгі тілегін ақтарды. Мейірімділік пен сұлулық, даналық пен рухани қуаттылық салтанат құрған шарада мереке иелері марапаттан да кенде қалмады.
Аудан басшысы бірқатар алтын құрсақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» наградаларын және қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп, ерлермен иық тіресе еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген 30-ға жуық нәзікжандыларға өзінің алғыс хатын табыстады. Мерекелік кеш барысында нәзікжанды әйелдер қауымы ерекше құрметке бөленді. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды. Бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеген ананы ұлықтаған мерекелік кеште «Нұршуақ» әжелер ансамблі, Гүлзада Тілегенқызы, Жазира Сәрсенғалиева, Раушан Оразбекқызы, Толыбай Қажыгереев, Ерасыл Самиғоллаев сынды өнерпаздар өздерінің әдемі әндерін аудан аруларына арнады. Әйелді бақытқа жетелейтін де, бақытты қылатын да арманы. Сол бақытқа қол созып, ерлермен қатар түрлі салада табысты еңбек етіп келе жатыр нәзікжандылар.