ӘКІМДЕР ЕСЕБІ: ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ҚАНДАЙ?

Құрманғазы ауданында аудан және ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесулері жалғасуда, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бірлік ауылында өткен есепті кездесуде ауыл тұрғындары округ әкімінің жыл көлемінде атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарын тыңдады.
Жиында айтылғандай, биыл да округте жоспарлы бағдарламаларды ауылдық округ көлемінде іске асыру, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету, округ тұрғындарының тұрмыс жағдайының жақсаруына ықпал етуге жүйелі жұмыстар жүргізіле бермек.
Ауыл әкімі Гүлжазира Абенованың мәліметіне сүйенсек, Бірлік ауылындағы Қиғаш көшесіне және Амангелді ауылына тас жол төсеу бойынша ұсыныс берілген.
Сонымен қатар, округке қарасты өзектерді түп тереңдету жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстар да басталып кеткен. Әлеуметтік нысандар бойынша, ауылға дене шынықтыру сауықтыру кешенін салуға ұсыныс берілуде және Бірлік ауылындағы балалар ойын алаңының құрылғыларын ауыстыру жоспарлануда.
Кездесу барысында Амангелді ауылы тұрғындары тарапынан аудан басшысына «Бірлік ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында ауылішілік жол жоқ. Биылғы қыста қар қалың түсіп, күн жылына ауылда жол қатынасы қиындап, көшелер көлге айналды. Осы мәселенің шешілуін қарастыру» деген мәселе көтерілді.
Аудан әкімі Марат Мурзиев бірнеше жылдан қордаланған бұл ауылдың жол мәселесіне қатысты жауап берді:
- Амангелді ауылы тұрғындарының бұған дейін де көтерген басты мәселесі осы ауылішілік жолға қатысты. Бұл жөнінде Құрманғазы ауданын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Амангелді елді мекеніне кіреберіс және ауылішілік жолдың тротуарларымен қоса қайта жаңғырту 2026 жылға жоспарланғанын қаперлеріңізге беремін. Әрине, жылда ауа райының қолайсыздығынан, жауын-шашынның көп мөлшерде түсуінен ауылда жол қатынас қиындық туғызады. Десек те, ауылға жол құрылысы басталғанға дейін, округ әкіміне аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы ауылішілік жолдарды күтіп ұстауға тапсырыс беруді міндеттеймін, - деген аудан басшысы өтініштердің барлығы ескерілетінін және халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға бағытталған шаралар алдағы уақытта жоспарлы түрде жүзеге асатынын мәлімдеді.