«Әкем – кәріс, анам – орыс, жұбайым – қазақ!»

Атыраудағы корей этномәдени бірлестігінің өкілі патриоттық рухты жоғарылату үшін ел аумағында тұратын қай ұлттың өкілі болса да, қазақ тілін білуге міндетті екенін айтады , деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

  1. Ұлттар арасындағы достық пен бірлікті нығайтудың мәні неде?
  2. Патриоттық рухты жоғарылатудың қандай жолын ұсынасыз?
  3. 1 мамыр – айрықша күн, мемлекеттік мереке. Оны атап өтудің форматын өзгертіп, қайта жаңғыртқан дұрыс па?

Вера ШИН, «Тхониль-Атырау» корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары:

– Менің отбасым көп ұлтты. Әкем – кәріс, анам – орыс, жұбайым – қазақ. Бізде үш ұлттың да салт-дәстүрі мен отбасылық құндылықтары сақталған. Бірақ бәріміздің Отанымыз бір болған соң, бізді әрине мемлекеттік тіл біріктіреді. Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеміз. Әкем де, анам да киелі топырақта туыпөскендіктен қазақтың ұлттық құндылықтарын бойына сәби кезден сіңіріп өскен. Бұл ұлт өкілдері арасындағы достық пен бірліктің жемісі деп ойлаймын. Келешекте де осы егіз ұғымның мәні жойылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы керек.

– Патриоттық рухты жоғарылату үшін ел аумағында тұратын қай ұлттың өкілі болсаңыз да, қазақ тілін білуге міндеттісіз. Өйткені, қазақ тілінің құдіреті шексіз. Оған деген қызығушылықты арттырып, көбірек фильмдер көріп, кітаптар көп оқыған жөн. Тіл үйренуге арналған қолжетімді курстар мен бағдарламалар да көбірек іске қосылуы керек.

– Бүгінде озық ойлы, креативті жастар аз емес. Ұлттар арасындағы бірлік пен достықты дәріптеуде олардың тың идеяларына жүгінуге болады. Мәселен, түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық құндылықтарын насихаттап, кең ауқымда челлендж ұйымдастырылса деймін.

Пікірді жазып алған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА