Бұрын «іріген ауыздан шіріген сөз шығады» деп мас күйдегі адамға қарата айтушы едік. Ал, ішімдік ішу сәннен қалған қазіргі заманда тілі шықпаған баладан басқасы балағаттамаса жүре алмайтын жағдайға жетті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Сондықтан да аңдымай сөйлегендер үшін биыл әкімшілік жаза да күшейтілді. Яғни, қаңтарда қабылданған заң наурызда күшіне енді. Аузына "ақ ит кіріп, көк ит шыққандарды" тәртіпке шақыратын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 25-тарауындағы «Қоғамдық тәртіпке және имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқықбұзушылықтар» деп аталатын 434-бап бұрыннан да бар. Бұл ретте, тек жауапкершілік жүгі ғана артып отыр. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы 15 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл енді 20-ға өсті.
Жалпы, жазаны қатаңдату арқылы балағат сөзді сап тыюға бола ма? Қоғамдық орындағы мәдениет пен тәртіпті сақтаудың басқа қандай жолдары бар? Айыппұлдың артуы халықтың қалтасын қақпай ма? Азаматтардың заң күшімен емес, өз ерікімен сыйласып сөйлесуіне не кедергі?
Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет жазаның күшейтілгеніне құқықбұзушылықтың артқаны себеп екенін айтады. Яғни, ұсақ бұзақылық деректеріне қатысты заң қазір ғана пайда болған жоқ. Қоғамдық орынды бүлдіру, ортақ мүлікті сындыру, өзгелердің намысына тиетін сөз айту, айналадағы адамдарды сыйламау секілді әрекеттерге қатысты қолданылатын жаза әлдеқашан енгізілген. Биыл тек салынатын айыппұл мөлшері ғана өзгерді. Ал, көпшілік мұны жаңа заң шықты деп түсініп жатыр. Жасыратыны жоқ, өз құқығын білмейтін азаматтар заң көмегіне жүгінбейді. Ал, мұны теріс пиғылды азаматтар өз мақсатына пайдалануда. Әкімшілік құқықбұзушылықтың өсіп отырғаны да сондықтан, - дейді ол.
Айта кетейік, балағат сөз айтқан адамның кінәсін дәлелдейтін айғақтар болса, оны әкімшілік хаттама толтырушы лауазымды тұлға жинақтап, сотқа жолдайды. Бұл жұмыспен полицейлер айналысады. Егер сот шешімімен азамат кінәлі деп танылса, 69 мың теңге айыппұл салынып, 5-15 тәулік (қайталанған жағдайда – 15-30 тәулік) аралығында әкімшілік қамаққа алынады. Ал, дәлел жетпеген жағдайда, жауапкершіліктен босатылады. Бұл жерде дәлел деп аудио немесе бейнежазбаларды айтып отырмыз. Ондай дәлел болмаса, балағат сөздің айтылғанына тікелей куә болған екі адам керек болады. Сонда ғана әкімшілік іс қозғалады.
Алақандай Атыраудың өзінде «102» байланыс операторына «абыройыма нұқсан келтірді» деп бір күн ішінде бірнеше тұрғын хабарласады екен. Тіпті, «103» нөміріне қоңырау шалып, оператордың өзін балағаттайтын азаматтар да бар. Олар бұл әрекетін «жедел жәрдем» қызметіне көңілдері толмағандықтарымен түсіндіріп әлек. Бірақ, бұл заң алдындағы жауапкершілікті жеңілдетпейді. Қайта керісінше, жағдайды одан сайын ушықтырып жібереді. Есесіне, енді ақ халаттыларға деген құрмет арта түссе, таң қалмаңыз!
Айтпақшы, балағат сөз айтса да, қамауға алынбайтын азаматтар да бар екен. Олар – жүкті әйелдер, 14 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған аналар мен жалғызбасты әкелер, кәмелетке толмағандар, І және ІІ топ мүгедегі, 58 жастан асқан әйелдер мен 63 жастан кеткен ер азаматтар.
Мәселен, қарапайым қоғамдық көлік ішіндегі күнделікті жағдайды алып қарайтын болсақ, жүргізуші мен жолаушылардың арасында сыйқымсыз сөздің неше түрі айтылады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, жүргізуші жылдамдықты арттырғанда немесе телефонмен сөйлескенде жолаушылар наразылықтарын бейпіл сөзбен білдіреді. Сондай-ақ, жүргізушілер де телефонмен сөйлесу барысында көлікте үлкен-кіші отырғанына қарамастан балағат сөзді боратып жатады. Осылайша, жаман сөз күнделікті айтыла берген соң, оны естуге құлақ та үйреніп кетеді. Ал, ар-намысы тапталған жәбірленуші қолын бір-ақ сілтеп жүре береді. Яғни, заң қорғаушы органға шағымданып жатқандар өте аз. Сірә, қазақты «құрсыншы» құртады деген осы шығар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: иллюстратив