12 қалада «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы іске қосылды

ІІМ басшысының тапсырмасымен жол жүрісін автоматты қадағалаудың тиімділігін арттыру үшін «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» мобильді қосымшасы әзірленді. Қазіргі кезде ол 12 қалада іске қосылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова хабарлады.

«Бұл қосымша камералармен және ІІМ жедел басқару орталықтарымен, полиция қызметкерлерінің қолындағы планшеттермен біріктірілген. Яғни, олардағы мәліметтер нақты режим уақытында полиция қызметкерінің қолындағы планшетке келіп түседі. Яғни, жақын маңда қауіпті жүргізуші жүр деген хабарлама келеді», - деді спикер. 

Оның айтуынша, қауіпті жүргізуші санатына автокөлікті басқару кезінде жол қозғалысы қағидаларын үнемі бұзатын, жалған номірлермен автокөлік басқаратын, өрескел құқық бұзущылық жасайтын жүргізушілер жатады.