1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласындағы облыстық Туберкулезге қарсы балалар санаториясында «Бар мейіріміміз – балаларға!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Шараны Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығының Жастар қанаты өткізді. Мерекелік жиынға 75 бала қатысып, ерекше көңіл-күй сыйлаған түрлі ойындар мен флешмобтарға белсене атсалысты.
– Бұл шараны біз жыл сайын өткізіп келеміз. Биыл қатарынан төртінші рет ұйымдастырдық. Мақсатымыз – ата-анасынан жырақта, ем алып жатқан балаларға мейірім мен шаттық сыйлау. Ойыншықтар тарту етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырыстық. Балалардың қуанышын көру – біздің ең үлкен жетістігіміз, – деді Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы РЖҚ жетекшісі Зарина Қуанышева.
Мерекелік шара балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, өздерін еркін сезініп, шабыт алуларына мүмкіндік берді.
- Маған бәрі қатты ұнады! Бүгін біз ән айтып, би биледік, аниматорлармен бірге түрлі ойындар ойнадық. Көп тәтті жеп, шарлар мен сыйлықтар алдық. Қуанып, тамаша күн өткіздік. Осындай қызықты мерекелер көп болса екен,- деді қатысушы Еркебұлан Анарқұл
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі бастама алдағы уақытта да жалғасады.