1 мамыр күнін атап өтудің форматын өзгерту керек пе?

Елдегі түрлі этномәдени бірлестіктердің үйлесімді қызметін үйлестіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстағы өкілдеріне айтулы мерекеге орай «Мінбер» сауалдарын жолдап, пікірін сұраған едік, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

  1. Ұлттар арасындағы достық пен бірлікті нығайтудың мәні неде?
  2. Патриоттық рухты жоғарылатудың қандай жолын ұсынасыз?
  3. 1 мамыр – айрықша күн, мемлекеттік мереке. Оны атап өтудің форматын өзгертіп, қайта жаңғыртқан дұрыс па?

Нурид ТИКАЕВ, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Елдегі достық пен бірлікті нығайтудың мәні Қазақстанның жетістіктерінің басты кілті деп ойлаймын. Өйткені, ұлтаралық қатынас мәдениеті ұлттардың айырмашылығына, тілі мен салтдәстүріне және әдет-ғұрпына құрметпен қараудан басталады. Бейбітшілік пен тұрақтылық – жалпыхалықтық жетістік. Көзі ашық , көкірегі ояу жастар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан, бүгінде татулықты сақтап, айрандай ұйып отырған бірегей елдің тыныштығы мен берекесін арттыру маңызды.

– Біздің түріміз басқа болғанымен, тілегіміз бір, жанымыз қазақ. Бала бойына дана халқымыздың мәдениетін, әдет – ғұрпын, тарихын кішкентайынан сіңіре білгеніміз жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруда тіл дамыту, көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елі мен жерін қорғаған батырлардың ерлігі, ақындардың өлең-жырлары жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор. Ұлт жандылық – бала бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті дүние. Бұл сезім әркімде әр кезеңде оянады. Кәмелет жасына келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, отбасы, мектеп, жоғарғы оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдармен қозғалыстардың әсері арқылы қалыптасады.

– Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері үшін ерекше саналатын Бірлік күнінде концерттік шаралар жыл сайын өткізіледі. Дегенмен, мерекені атап өту форматын жаңартуға мен де келісемін. Бұл күні өзге ұлт өкілдері жергілікті тұрғындармен бірлесіп, қоғамға пайдалы жұмыстар ұйымдастырылса жақсы болар еді. Мәселен, сенбіліктер өткізіп, ағаш отырғызу, қайырымдылық жәрмеңкелері қолға алынса құба-құп. Өзге ұлттар қазақтың спорттық ойындарымен жарысқа түссе, қазақ тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен қолөнерін жете меңгерген ұлт өкілдерінің арасында мәдени сайыстар өткізілсе деген ойым бар.

Пікірді жазып алған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА