Анкара мен Афины арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсті. Ел парламентінде сөйлеген Реджеп Тайип Ердоған алдағы уақытта Грекиямен ешқандай екіжақты келісімге келмейтінін хабарлады. "Бұл туралы сыртқы істер министрімізге айттым. Грекиямен бірге жоғары деңгейде ұйымдастырылады деген Стратегиялық кеңес отырысын өткізуден бас тарттық" деді президент.
Жақында Түркияның сыртқы істер министрі Мевлүт Чавошоғлу Грекияны Эгей теңізіндегі аралдарға әскер орналастырғаны үшін қатаң айыптаған еді.
"Сіздер тарихтан сабақ алмадыңыздар ма? Өткен кезеңдерде қайда болдыңыздар, ал қазір қайдасыздар? Кейін осы үшін өкінесіздер де, халықаралық қоғамдастыққа шағымданасыздар. Сіздер Түркиямен ойнаймын деп ойламаңыздар, ойындарыңыз осылып, жарты жолда қалып қоясыздар" деді Ердоған Грекия басшылығына.
Бұған дейін Грекия аралдарға қатысты түрік билігі таққан айыптардың барлығын жоққа шығарып, керісінше, олардың әскери ұшақтары әуе кеңістігімізге заңсыз кірді деп кінәлаған еді. Анкара мұны арандату әрекеті деп түсінеді.
Жалпы, бес жыл бойы алыс-берісті тоқтатқан көршілердің арасындағы сең былтыр жібігендей болған. Бірақ соңғы оқиғаларға байланысты шиеленіс тағы да күрделене түсетін сыңайлы.