Сақтау контейнерін сатып алған ер адам ішінен бір отбасының денесін тапты

АҚШ-та ер адам пайдаланылмаған сақтау контейнерін сатып алып, оның ішінен бір отбасының денесін тапты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мirror порталына сілтеме жасап.

Джордж Геннай иелері алмай кеткен түрлі заттарды ғаламтор арқылы сатып, ақша табу үшін сақтау қоймасын Сиэтл қаласына әкелген. Алайда контейнерді ашқан соң көп ұзамай ішінен бір отбасының денесін тапқан.

Бұл қоймаға иесі жалдау ақысын уақытылы төлесе де, бірнеше жыл бойы қол тигізбеген екен. 

Джордж саудаға жарамды тауарларды табамын деп үміттеніп, контейнерді аралай бастаған. Алайда көп ұзамай ол қоқыс дорбаларының үйіндісінен жағымсыз иістің шығатынын сезеді. 

Ол сөмкелердің бірінен адамның бас сүйегін тауып алып, бірден полицияға хабарлаған.

Мамандар жан-жақты тексеруден кейін 12 жылдан бері із-түзсіз жоғалып кеткен 36 жастағы Барбара Бендер мен оның екі ұлының мәйітін анықтады. Полицейлер қоймадан қан мен шаш қалдығы жұққан балтаны да тапты.

Өлер алдында Барбара күйеуімен ажырасуға арыз берген. Көпшілік оны соңғы рет заттарын фургонға тиеп жатқан кезінде көрген.

Тергеу нәтижесінде көп ұзамай Барбараның бұрынғы күйеуі Марк күдікке ілікті. Бұл сақтау орнын бастапқыда жалға алған адам сол болған.

Көп ұзамай Марк бұрынғы әйелі мен екі ұлын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды.

Кейінірек ол кісі өлтіргенін мойындады және үш рет өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оған ең жеңіл жаза кем дегенде 80 жылға бас бостандығынан айыру болатын.

Бұл жаңалық өте қайғылы болғанымен, 12 жылдан астам қызы мен немерелерін іздеген Барбараның анасына жұбаныш болды.