Варшавадағы «Димаш» радиосынан шыққан музыка әлемге тарайды. 24 сағат бойы ұлы дала әуендері шырқалады бұл бір. Екіншіден радио қазақ тілін үйретеді. Одан қалды біздің ел жайында танымдық материалдар беріліп тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Польшада "Димаш" радиоарнасын ашу идеясын жергілікті жанкүйерлер іске асырды. Медиа саласында тәжірибесі жоқ жандарды біріктірген, шабыттандырған - отандық әншіміздің ғажап дауысы. Өнерде ұлт жоқ.
- Мен Димаштай талантпен «Singer» жобасы арқылы таныстым. «S.O.S.» әні музыкаға деген махаббатымды оятты. Оның орындаушысын өмірде көргім келді. Концертіне барудың амалын іздей бастадым. Француз тіліндегі әнді естіп алған соң, бір айдан кейін Димаштың Лондондағы концертін тамашаладым. Содан кейін радиоарна аштық. Біздің демеушіміз жоқ. Редактор, жүргізуші - бәріміз тегін қызмет атқарамыз, - деді «Димаш» радиосының негізін қалаушы Збигнев Кужинский.
Радиоарна Қазақстанның көрікті жерлері, тарихы, қазақ және поляк ұлтының қаһармандары туралы ақпарат береді. Біздің елдегі барлық айтулы іс-шараны атап өтеді. Мәселен, тамыз айы ұлы ақын Абай шығармашылығына арналған. Ең бастысы, Димаштың әндерін және жалпы халқымыздың мәдениетін түсіну үшін радиода арнайы қазақ тілі сабағы жүргізіледі.
- Мен қазақ тілін білмесем де сабақ беруге тырысып жүрмін. Біздің Қазақстаннан келген досымыз бар, бізге сөздерді сол жазып береді. Содан кейін сейсенбі сайын бас қосып, оны қайталап, оқып үйренеміз,- дейді "Польшадағы ДИМАШ Құдайберген жанкүйер клубы" қауымдастығының президенті Тереза Конколь.
"Димаш" радиостанциясының ашылғанына биыл 3 жыл. Осы уақыт аралығында арна өз тыңдарманын әлемнің әр континентінен тапты. Әсіресе Еуропа, Канада және АҚШ тұрғындарының қызығушылығы жоғары. Варшавадағы Димаштың жанкүйерлері концертте кездесіп қана қоймай, жаз сайын слет ұйымдастырады. Биыл да, шілде айында бас қоспақ. Ал Димаш радиосы тоқтаусыз жұмыс істей бермек.