Қазақстандағы АЭС туралы әлемдік БАҚ не жазуда?

2023 жылдың күзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысын аса маңызды мәселе деп атады. Осыған орай Қазақстан Үкіметі атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы қаулы қабылдады. Бұл хабарды Centralasia таратты.

Қазір референдум өткізу бастамасы қоғамдық сұраныс болып тұр. Себебі АЭС салу идеясы атом саласының мамандары арасында да, халық арасында да қолдау табуда. Алайда қоғам қайраткерлері мен экоактивистер арасында қарсылық бар.

– Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе, – деді 2023 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан президенті.

Бұған дейін зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша Алматы облысының Үлкен ауылы АЭС салу үшін ең қолайлы орын болып таңдалды. Станцияны суыту үшін Балқаш көлінің суын пайдалану жоспарланған, бұл сарапшылар арасында қызу талқыланған. Олардың кейбіреуі көлдегі су деңгейінің төмендеуі ірі АЭС жұмысы үшін қиын болуы мүмкін деп қауіптеніп, шағын реакторлы станциялар салуды ұсынып отыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір энергоблоктың құрылысы 10 жылға созылып, 5 млрд долларға шығуы мүмкін.

Фото: ru.freepik.com