Еуропарламенттің елдегі ахуал жөніндегі қарары - біржақты - СІМ Tengrinews.kz

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің елдегі ахуал жөніндегі қарарын бағалады, - деп хабарлайды

Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдеді.

"Елімізде болған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санайды. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз", - делінген хабарламада.


Қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропарламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақты ақпараттар сұрамағаны айтылды.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да бұл құжат авторларының оларға жүгінбегенін айтты.

Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының лаңкестік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жазбаларында айтарлықтай қайшылықтар бар, ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеген.

"Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы болып, заң үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді. Еліміз халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді", - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Еуропалық одақтың барлық институттарымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі.

СІМ пікірінше, Еуропарламенттің бұл қарарды асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді.