Атырау қаласы, Кеңөзек ауылдық округіне қарасты Тасқала ауылындағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде орналасқан №255 референдум учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындардың қарасы қалың. Таңертеңнен бастап ауыл халқы азаматтық белсенділік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешімге орай өз таңдауларын білдіріп жатты.
Жаңа Ата заң жобасын қолдап, дауыс беруге келгендердің қатарында «Хиуаз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Шахарман Ерсеитова бастаған ақ кимешек киген бір топ ел аналары да бар. Топ ішінен ерекшеленген аналардың бұл қадамы ұлттық дәстүрге деген құрмет пен ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымның белгісіндей көрінді.

– Отбасы берік болмай, қоғам мықты болмайды. Сондықтан Конституция жобасындағы отбасы мен ұлттық құндылықтарға қатысты баптар көңілімнен шықты. Ата заңның жаңа жобасында ұлттық кодты сақтау, киелі жерлерді қорғау, отбасы құндылықтарын дәріптеу туралы жан-жақты айтылған. Неке – екі адамның ғана одағы емес, ол – жауапкершілікке, сыйластыққа, тұрақтылыққа негізделген қасиетті байланыс. Мұндай құндылықтардың ең жоғары құқықтық деңгейде қорғалуы – ел болашағына салынған инвестиция деп білемін. Жаңа конституциялық өзгерістер отбасы институтының мәртебесін одан әрі нығайтып, оның қоғамдағы ролін айқындай түседі. Сондықтан мен жаңа Конституцияны қолдауға келдім. Себебі онда отбасы мен неке ұғымының маңыздылығы нақты айқындалып, ұлттық құндылықтарға берік негіз қаланған деп санаймын. Отбасы – тәрбиенің бастауы, ал ұлттық рухани құндылықтар сол тәрбиенің өзегін құрайды, — деді Шахарман Ерсеитова.
Әңгіме кейіпкері жетекшілік ететін «Хиуаз» қоғамдық бірлестігі осыдан 13 жыл бұрын құрылған. Бастама көтерілген кезде ауылдың ақ жаулықты аналары бірден қолдау білдіріп, ұйым жұмысына белсенді атсалысыпты. Бүгінде бірлестік мүшелері ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дәріптеумен қатар, отбасы институтын нығайту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Олар ауыл жастарына тәлім-тәрбие беру, қыз тәрбиесі мен отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі кездесулер мен тәрбиелік шаралар ұйымдастырып, қоғамдағы аналардың ролін арттыруға өз үлестерін қосып жүр.
Мәлике МӘЛІК