Тегін ем алуға екі құжат жеткілікті

Мы в соц. сетях:   

АTPress.kz. 13 сәуір. Енді Қазақстан азаматы шет елде жүрген кезінде сырқаттанып қалған жағдайда оның ем-дом алу шығындарын мемлекет өз мойнына алады. Яғни, қазақстандықтар сақтандыру жарнасы арқылы емделе алады.
Поделиться:  

Ол үшін әр азамат Қазақстандағы тұрғылықты мекен-жайы бойынша 2017 жылғы 1 шілдеге дейін міндетті әлеуметік медициналық сақтандырылуы тиіс. Шілде айынан бастап жұмыс беруші мекемелердің барлығы өз жұмысшыларының медициналық сақтандыру қорына қаржы аудара бастайтын болады. Бұл дегеніміз - әр азаматтың қай қалада жүрсе де тегін ем алуына мүмкіндік береді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мәртебесі анықталмаған азаматтар үшін еліміздің емханаларында 2018 жылы тегін қызмет көрсету тоқтатылады. 

 

Сіз үшін жарнаны кім төлейді?

Мекемелерде еңбек ететін азаматтарға 2017 жылдың шілде айынан бастап 2019 жылға дейін медициналық сақтандыру жарнасы жұмыс берушінің есебінен жүргізіледі. Он сегіз ай бойына қызметкердің жалақысынан қаржы ұсталынбайды. 2019 жылдан бастап әр азаматтың еңбекақысынан денсаулығы үшін жарна алынып отырады. 

Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған 15 түрлі санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Олардың қатарына халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал тобы: балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр Ана» атағын алғандар, сонымен қатар, I және II дәрежелі  «Аналық даңқ» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, интернат мекемелерінде оқытылып, тәрбиеленіп жатқан тұлғалар,  техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімдерде, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, зейнеткерлер кіреді. 

 

Мәртебеңізді анықтап, тіркелу үшін екі құжат жеткілікті

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылу үшін тұрғындар кез келген емханаға барып, өтініші және жеке куәлігі арқылы тіркеле алады. Немесе «egov.kz» электронды порталы арқылы онлайн тіркеліп те Қазақстанның барлық емханаларындағы медициналық көмекке тегін қол жеткізе алады. 

 

Жеке меншік емханалардан да ем алуға болады

Тұрғындардың арасында жекеменшік емханаларда ем алғысы келетіндер көп кездеседі. Ол үшін азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Жеке емханаларда қаралу үшін тіркелген әр кәсіпкерден тапқан табысының айына 2 АЕК көлемінде жарна алынып тұрады. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Түркбенбай Нұржігітовтің айтуынша, аталған жүйе азаматтардың жеке қоржынында  жинақтала беретін қор емес. Бір адам жылына бірнеше рет емделсе, бір жылда мүлдем дәрігер көмегіне жүгінбейтін адамдар болады.

- Жиналған ақша дені сау адамдыкі, сырқат адамдыкі деп бөлінбей, барлығы сырқаттанған халықтың қажетіне жұмсалады. Бұрын қазақстандықтар шетелге шығарында медициналық сақтандырылу үшін туристік фирмаларға қосымша қаржы төлейтін болса, енді бұл әр азаматтың жеке сақтандыру қоры есебінен жүргізіледі. Қазақстан азаматы, шетелде жүріп, сырқаттанып қалса да, ол адамды мемлекет өз қорғанысына алып, сақтандыру жарнасы арқылы емдеп шығарады, - деді басқарма өкілі. 

 

Нұрбейбіт Нұғыманов

Сурет автордікі

13.04.2017
11152
Поделиться:  

Comments (1)

  1. Алтынай 13 april 2017, 18:06 # 0
    Егер бұл бағдарлама дұрыс Жұмыс жасаса, онда әрине жақсы болар еді. Бірақ бұл тегін емес, біз өзіміз ауырсақ та, ауырмасақ та сақтандыру қорына ай сайын ақша төлеуіміз керек. Ал халыққа қызмет көрсететін емханалар дайын ба? Барлығы бір емхананы таңдаса басқалары банкрот болады.
     
    Наверх