Бас мүфти Атырау облысы әкімімен және зиялы қауыммен кездесті

Мы в соц. сетях:   

ATPress.kz. 12 сәуір. Бүгін Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ресми іс-сапармен келді. Сапар аясында Бас мүфти бастаған делегацияны облыс əкімі Нұрлан Ноғаев қабылдады.
Поделиться:  

«Кездесу барысында қос тарап Атыраудағы қазіргі діни ахуал мәселесін талқылады», - деп хабарлайды орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі. Ресми кездесуде жастарды патриотизмге тәрбиелеу, өңірдегі имамдардың кәсіби біліктілігін арттыру, халыққа дін мен дəстүр сабақтастығын дәріптеу, отбасы құндылығын насихаттау тақырыптары талқыланды. Сұхбат соңында қос тарап діни ағарту саласында ынтымақтастықта жұмыс істеуге уағдаласты.

Одан әрі Бас мүфти Атырау облысының зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында дінбасы қоғамдық тұрақтылықты сақтау, сан ғасырлар бұрын қазақ даласында қалыптасқан діни мектептің мұраларын бүгінгі күнге жеткізу сынды көптеген мәселелерге тоқтала келе, әр адамның қоғамдағы ролі туралы ойларымен бөлісті. 

«Расында, баршамыздың қоғамда өзімізге қатысты атқаруымыз тиіс миссияларымыз бар. Ақсақалдар жүрген жерде ақылын айтса, жастар тәуекелге бел буып, қызмет етсе, білім алса, орта буын өкілдері мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосса, имамдар ізгілікті насихаттасса біздің қоғам жан-жақты дамитын болады. Алла Тағала баршамыздың жұмысымызға береке берсін», - деді Бас мүфти.

Айта кетелік, Атырауға жоспарланған үш күндік жұмыс сапары аясында Бас мүфти Мақат, Жылыой және Махамбет аудандарын аралап, жергілікті жамағатпен кездеседі.

 

Бек Әзберген

12.04.2018
Поделиться:  
 
Наверх