Атырауда екі сәби АИТВ дертіне шалдыққан

Мы в соц. сетях:   

ATPress.kz. 16 мамыр. Бүгінде Атырауда 35 жүкті әйелдің АИТВ жұқтырғаны анықталған. Салдарынан 5 сәби бақылауға алынса, 2 нәресте қауіпті дертке шалдығыпты.
Поделиться:  

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау облыстық ЖИТС орталығы эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Омарова мен емдеу және алдын алу бөлімінің меңгерушісі Баян Аустниязова мәлімдеді.

Спикерлердің айтуынша, биылғы жылдың наурыз айына дейін АИТВ жұқтырған 11 адам тіркелген. Ал, мамыр айының өзінде аталған вирус үш тұрғынның ағзасынан табылыпты. Бұл жағдай қауіпті дерттің белең алғанын көрсетсе керек...

Қазіргі таңда ЖИТС орталығында АИТВ-мен 174 адам диспансерлік бақылауға алынған. Оның ішінде үшеуі ЖИТС науқастары. Өкінішке қарай, Атырауда АИТВ тіркелгеннен бастап, яғни 1993 жылдан бері 35 адам қайтыс болыпты.

«Біз адамдардың АИТВ жұқтырғанын қан арқылы анықтаймыз. Мысалы, бізге өз еркімен келіп АИТВ қаупінің бар-жоғын білу үшін сараптамаға қан тапсыратындар бар. Сонымен қатар, өңірдегі медициналық мекемелердегі адамдардан алынған қан автоматты түрде бізге де жіберіледі. Сөйтіп, дерт жұқтырған адамдарды тауып, қауіптің бетін сейілтуге барынша күш салып жатырмыз. Жалпы, АИТВ-ға шалдыққандардың дені 20-49 жас аралығындағылар. Әсіресе, ер азаматтар көп жұқтырады», - дейді облыстық ЖИТС орталығы эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Омарова.

Айта кеткен жөн, жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу күні аталып өтіледі. Атаулы дата биыл 20 мамырға сәйкес келіп отыр. Халықаралық күннің негізгі мақсаты – қауіпті дерттің таралу мәселесіне әлем жұртшылығының назарын аудару, ауру жұқтырғандарды әлеуметтік қорғау болып табылады. 

 

Айдос Қарабала

16.05.2018
Поделиться:  
 
Наверх