Жоғалған малдың ізі шыға бастады

Мы в соц. сетях:   

ATPress.kz. 13 сәуір. Бұдан бұрын хабарланғанындай, Кенжеғұл Жалғасбай, Жамбыл Кенжебаев, Сағат Шөменов, Қоныс Жамбылов, Самиғолла Шөменов сынды Бөдене ауылының тұрғындары жоғалған қой туралы шағымданған болатын.
Поделиться:  

Олардың айтуы бойынша, желтоқсан айында «Алғабас - Жорық» каналы бойында отырған Азамат деген малшыға жекеменшік қойларын қосып қойған. Алайда, бір түнде қойдың жоғалып кеткені жөнінде хабар келіп, іздеуге шығады. Жоғалған малдың саны 250-дей болса, қойдың ірісі іріктеліп, ешкі, тоқтылар қалғанға ұқсайды. 

Кенжеғұл Жалғасбайдың айтуынша, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын қолға алып, мал иелерімен кездесіп, істің ақ-қарасын анықтаған. Нәтижесінде мал бағушы малды жоғалтқанын мойындап, оны өтеу жөнінде нотариуспен қолхат беріпті. 

«Малды жоғалтқанымды растап, әрбір мал басына 30 мың теңгеден, яғни Жалғасбай Кенжеғұлға - 210 мың теңге, Жамбыл Кенжебаевқа - 120 мың теңге, Гүлжанат Оразалинаға – 50 мың теңге қаржыны шілде айына дейін өтеймін», - делінген қолхатта.

- Біздің арызымызға орай, полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын қолға алып, нәтижесінде малымызды баққан Азамат Өсеров кінәлі болып шықты. Бір қызығы, кезінде бірге іздегенбіз. «Малдың қорасын әдейі ашып, шығарып жіберген» деген болатын бізге. Енді өзі мойнына алып, нотариус арқылы қолхатын беріп отыр. Сонда қалай? Кезінде неге айтпаған? Ақылға сыймайды. Маған мал керек, – дейді К. Жалғасбай.

Ал, Индер аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы И. Сұлтановқа хабарласқанымызда, бұл мәселе басты назарда тұрғанын, тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Әзірге 13 бас қойдың ізі шықты. Ал, қалған тұрғындардың малы ше? Бір күнде ұрланған малдың ар жағында тағы кімдер бар? Ол жағы тергеу барысында анықталар деген ойдамыз.

 

Өз тілшіміз,

Индер ауданы

13.04.2018
Поделиться:  
 
Наверх