Салафилік идеологияға әбден уланған атыраулық жігіттің абақты артындағы өкініші

Мы в соц. сетях:   

ATPress.kz. 12 ақпан. «Атырау» газетінде жарияланған «Тар қапастағы тағдыр» материалында автор 2015 жылы арнайы операция кезінде Құрманғазы ауданы шекарасында қолға түскен жігіт туралы баяндайды. Өзімен бірге, әйелін, тіпті, бала-шағасына дейін Сирия жеріне алып өтпек болған жігіттің кейінгі тағдыры қалай өрілді?
Поделиться:  

Бүгінгі кейіпкеріміз Сириядағы қарулы қақтығысқа аттанып бара жатқан жерінен жолда ұсталған атыраулық жігіт. Салафизм, уахабизм, такфиризм ағымдарына уланғандар «қасиетті соғыс» деп сенетін қақтығыс аймағы - Сирия жеріне өтпек үшін бұл жігіт тіпті басыбайлы баспанасын да сатып жіберген екен. Діттеген жеріне Ресей арқылы жетпек болған атыраулық Құрманғазы ауданының көрші елмен шектесетін шекарасы маңында қолға түседі. Өзі болса бір сәрі, жұбайымен қоса, бала-шағасын да «отты нүктеге» алып кетпек болған кейіпкеріміз 2015 жылы орын алған сол бір қайғылы оқиғаны күрсіне отырып еске алды. 

 

«Имамға емес, интернетке жүгіндім»

«Сонша деңгейге дейін қалай ғана көзсіз сенімге түскеніме әлі күнге дейін қайран қаламын. Қазір ойлап отырсам, біздер сол кезде исламдағы жұмсақтық деген дүниені мүлде ұмыт қалдырған екенбіз. Дінге қызығушылығым осыдан он шақты жыл бұрын, яғни, 2007 жылы басталды. Ол кезде небары 21-дегі албырт жас едім. Оң-солыма байыптай қарай бермейтінім тағы бар, бірге жүрген, намазды өзімнен бұрын бастаған жігіттердің сөзіне имандай сенетінмін. Яғни, мен үшін олардың айтқан үкімі, пәтуасы бұлжымайтын заң еді. Рас, намазды бастапқыда жергілікті мешіттен үйрендім. Кейін дінге қызығушылығымды байқаған ауылдас жігіттер мені өздеріне тарта бастады. Бір сұрақтың жауабын алу үшін имамға барғаннан гөрі, қолда жүрген телефон арқылы интернеттен ілім іздеген әлдеқайда жеңілірек көрінді. Ділмұрат, Назратулла, Ринаттардың (діни сарапшылар жат ағымды насихаттаушы деп үкім берген – Авт.) бейнеуағыздарын тыңдап жүріп, нағыз жұмақ Сирияда деген шешімге келдім. Сол кезде мені үйемелі-сүйемелі балаларымның да, жолдасымның да болашағы ойландырған жоқ», - дейді кейіпкеріміз М. И.

«Мен жалғыз емес едім. Жанымда жолдас жігіттерім болды. Сол жігіттердің бір-екеуі жасырын жолмен Сирияға аттанып кетті. Мен ол елге Ресей – Түркия – Сирия сызбасымен өткім келді. Ол кезде кішігірім бизнесім де болатын. Ресеймен екі ортада тауар тасымалдап, сауда-саттықпен айналысып жүрдім. Сол уақыт аралығында Мысыр Араб республикасының Александрия қаласына барып, алты айдай араб тілі курсын меңгеріп келдім. Бірақ, бұдан діни білімім жоғарылап кетті деп ойламаймын. Рас, Сириядағы қақтығыстарды «Жиһад емес, хауариждердің саяси бүлігі» деп баға берген азаматтарға шейхтар айтқан дәлелдерді келтіріп, өз білгенімді өзгеге мойындатуға тырыстым. Абдулуаһһабтың (жат ағымның негізін қалаушы – Авт.) «Усулус-Саласа», яғни, «Үш негіз» атты кітабын оқып, исламды өзімнің ыңғайыма қарай бейімдеп алуға да тырысып жүрдім. Қазір ойлап отырсам, біз күпірліктен көз ашпаған екенбіз», - дейді М.И. 

 

«Мен неден қателестім?»

«Мен неден қателестім? «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтарымен құрылған сұхбаттардан кейін, өзіме осы сұрақты жиі қоятын болдым. Сөйтсем, ең алдымен мұсылманға мінез жұмсақтығы керек екен. Біз болсақ, барлық мәселеге қатты жағынан қарай бердік. Намаз оқымайтындардың барлығын кәпірге шығара салатынбыз. Ал, шындығына келгенде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтқандай, шынайы мұсылман өзгеге тілімен де, ісімен де зиянын тигізбеуі тиіс екен. Салафилік, уахабилік идеологияға уланғандар «бидғат» яғни, дінге енгізілген жаңалық деп ұлардай шулап жүрген қазақтың дәстүрлері, келіннің сәлем салуы, марқұмға садақа беру мәселесі де исламмен астасқан дүниелер. Түсінгенім, өзін шейх деп насихаттап жүрген жат идеологияны таратушылар Құранды да, хадисті де бұрмалайды. Өзінің ыңғайына немесе сол белгілі бір ұйымның саясатына қарай түсіндіреді. Асылында, адамның барлығы бірдей. Қазақтың данышпаны Абай Құнанбаевтың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзінің астарында терең мән-мағына жатқанын енді ғана ұқтым. Ең маңыздысы - жүректегі иман екен. Алланың діні ата-анаға, өскен ортаға құрмет көрсетуден басталады. Және біз Алланың қалауымен Қазақстанның азаматы атандық. Ендеше, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып, тәртіпке бағынуға міндеттіміз», - деп сөзін түйіндеді кейіпкеріміз М. И.

 

«Қателігімді қайталамаймын»

Санаулы уақыттан соң кейіпкеріміз бостандыққа шығады. «Еркіндікке шыққан соң отбасыма көңіл бөлемін. Кенже балам өмірге келген кезде, сәбиімнің қалай өскенін көрмегеніме, абақтыда отырғаныма өкінемін. Кәсібімді жалғастырып, балаларымның болашағы үшін еңбек етемін. Осы уақытқа дейін намаздан қол үзбедім. Сәждеден бас алғым да келмейді. Бірақ, әр әрекетімді мешіт имамдарымен ақылдасып отырып атқаратын боламын. Қазақ даласына ықылым заманнан тараған Әбу Ханифа мәзһабы – бүгінгі ұрпақ үшін де жол көрсететін бағдаршамға айналса екен деп те тілеймін», - деген кейіпкеріміз дінге қызығушылық танытқан жастарды мүфтият жанындағы медреселерде білім алуға үндеп отыр. 

Атыраудағы УГ-157/9 түзеу мекемесінен шығып бара жатқан бізді кейіпкеріміздің осы сөзі ойланта берді.

 

Сіз не дейсіз?

Серікжан Еншібай, теолог:

- «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтары кейіпкермен бірнеше мәрте кездесулер өткізіп, сұхбаттар құрды. Кейіпкердің өткен өмірінде жасаған қателіктеріне толықтай өкінетіндігі және бастысы, оның Әбу Ханифа мазһабына бейімделіп келе жатқандығы байқалады. Қазіргі таңда ол намазды дәстүрлі мәзһаб бойынша оқып жүр. Дін мәселесінде теологтар мен имамдардан ғана кеңес алуды әдетке айналдырған. Білімсіздіктің әсерінен қате жолға түскенін де мойындайды. Сол себепті, жат ағымда жүрген жолдастарымен қатынаспауға бекініп отыр.

 

Баян Жанұзақова

Сурет: tengrinews.kz

12.02.2018
Поделиться:  
 
Наверх