06 Қаңтар, 2020 901

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары атыраулық ардагерлермен кездесті

Атырауға іссапармен келген халық қалаулылары Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында әзірленіп жатқан «Ардагерлер туралы» заң жобасын таныстырды.

Алқалы жиында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестері құнды екенін айтып, алдымен өңірде атқарылатын ауқымды жұмыстардың жоспарымен бөлісті. 

- Басты межеміз – отандық экономиканың өрісін кеңейтетін жобаларды іске қосу, ауылдық елді мекендерді дамыту, Жайық жағалауын абаттандыру жұмыстарын, өзге де бітпей тұрған құрылыс жұмыстарын сапалы аяқтап, ескі, сұрықсыз нысандарды жою. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, экологиялық ахуал, білім беру, денсаулық сақтау – қоғамдық өмірдің түрлі саласында да үлкен жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. 

Ал, жиынның модераторы  ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты, ҚР «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов  аталған заң жобасының басты бағыттарына тоқталды.

- Осыған дейін республиканың барлық аймағындағы ақсақалдармен байланысып, заң жобасын талқыладық. Айтылған әртүрлі ұсыныстар қараусыз қалған жоқ. Алдымен, заңда ардагерлердің статусы анықталатын болады. Сондай-ақ, бұрын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тылда еңбек еткен ардагерлерге жеңілдіктер қарастырылған болса, енді бұл қатарға  бұдан бөлек әртүрлі әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерді қосу ұсынысы осы заң жобасында қарастырылады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов. 

Халық қалаулыларының айтуынша, аталған заң ағымдағы жылы Парламент Мәжілісінің талқысына түседі. 

Бұдан бөлек, дөңгелек үстелде бас қосқан абыздар қоғамдағы өзекті мәселелерді алға тартып, кейбір заңнамаларға толықтырулар енгізілсе деген ұсыныстарын айтты.

Өңірлік коммуникациялар қызметі



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау #ардагер #Ұлы Отан соғысы #Жайық