30 Желтоқсан, 2019 2112

Атыраудың бес өкілі Президенттік жастар кадр резервіне енді

Атырау облысының бес өкілі Президенттік жастар кадр резервіне енді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру. Оған іріктеу жұмыстары аяқталды. Ұлттық комиссия отырысында сараптама комиссиясы ұсынған үміткерлерді қарап, 300 жас маманды іріктеді. Олар жақын болашақта мемлекеттік басқарудың жауапты учаскелеріне бағытталады. Кадр резервіне қатысуға 13 мың жас өтінім берген, ақтық сынға 330-ы өтті. Үміткерлердің  57 %  шетелдерде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқыған, 43 %    қазақстандық ЖОО түлектері. Жеңімпаздардың орташа жасы – 31 жас. Олардың экономиканың түрлі салаларында  тәжірибелері бар. Көпшілігі ірі шетелдік және трансұлттық компанияларда жұмыс істейді немесе бұрын істеген.

- Кадрлық резервке кірген 300 жас кәсіпқой маманның бесеуі Атырау облысының өкілі болғаны біз үшін үлкен мақтаныш. Сіздердің жетістіктеріңіз жастарға үлгі боларына сенемін. Маңызды мемлекеттік орындарға жас мамандардың келуі тың серпін береді, - деді Махамбет Досмұхамбетов.

Аймақ басшысы жоба жүлдегерлерін құттықтап, алғыс хат табыстады. Кадр резервіне енген 300 жастың  арасында  ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің облыстағы департаментінің басшысы Расул Медетов, «Теңізшевройл» ЖШС аға сарапшысы Махмуд Сейілханов, «Ембімұнайгаз» АҚ департамент директорының орынбасары  Ғибрат Ауғанов, Атырау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айдар Нұралиев, «АМӨЗ»  ЖШС департамент директоры Тимур Меңдібаев бар.

Өңірлік коммуникациялар қызметі



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда

Тегтер: #Атырау #жастар #Президент