31 Шілде, 2019

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫ

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген болатын. Мақала қазақстандықтарға Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауына айқын бағытты көрсетті. Президент рухани жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, жаңғырудың маңыздылығын «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп, рухани жаңғырудың ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы аясында Атырау өңірінің 7 нысаны республикалық деңгейдегі киелі жерлер санатына кірді: Сарайшық ортағасырлық қалашығы, М.Өтемісұлы кесенесі, Құлшан ата қорымы, Ақмешіт некрополі, Ұшқан ата кешені, Аралтөбе тарихи-археологиялық кешені, Иманқара кешені. Күні бүгіннің өзінде ерекше қызығушылық туғызып отырған киелі орындардың республикалық деңгейге ие болуы атыраулықтар үшін үлкен мақтаныш. Демек бұл орындар сонау Түркістандағы қасиетті орындар тәрізді еліміздің ғана емес, алыс, жақын шетелдер халқының қызығушылығын туғызатыны сөзсіз. Ең бастысы оларға жол салынып, халықтың рухани сусындауына көп мүмкіндік берілгелі отырғандығы қуантады. Бүгінгі күннің өзінде аталған нысандарға  деген қызығушылық өте жоғары. Туризм – ел мен жерді таныстыру, Отаныңды ұлықтау дейтін болсақ «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы облысымыздағы туризмнің дамуына кең мүмкіндік беріп отыр.

2017 жылы Атырау облысы әкімдігі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көне Сарайшық қаласын сақтап қалу, зерттеу және өзен жағасын бекіту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылды.

Бағдарлама аясында бірқатар басылымдар жарық көрді. Облыстың өлкетанушылары РФ-нің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор қалалары мен Татарстан, Башқұртстан республикаларының мемлекеттік архивтерінен тың деректерге қол жеткізді. «XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы фото-құжаттардағы «Каспий қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы» атты кітап-альбомы. Кітап-альбомда ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Ресей Федерациясының Ғылыми мұрағат академиясының Санкт-Петербург филиалында Каспий қазақтары  этнографиясына қатысты 200-ден астам бірегей мұрағаттық фотоматериалдар алынып жарияланған. Құнды кітаптың дүниеге келуінде Атырау облыстық тарихи-мәдени  ескерткіштерді қорғау инспекциясының басшысы М.Кипиевтің еңбегі зор.

«Атырау қазақтарының эпиграфиялық ескерткіштері» кітап-альбомының екінші томы басып шығарылды. Кітапта Ақмешіт, Алтын, Дәрі және Ұшқан ата қорымдарының араб жазулардың мәтіндері аударылған.

«Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы  3 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:

1.Киелі орындарға зерттеулер жүргізу және оларды реставрациялау, сақтау жұмыстарын  ұйымдастыру;

2. Киелі орындарға саяхаттар ұйымдастыру;

3.Киелі орындар туралы ғылыми-көпшілік, ақпараттық-танымдық монографиялар, кітаптар, зерттеулер, оқу құралдары, мақалалар, видео материалдар дайындау.

Аудандарда «Құлшан ата-Ақмешіт, Аралтобе», «Ұшқан – Қарашүңгіл – Ақінген», «Иманқара – Жұбан Тамы – Ақкегершін», «Тас кешу», «Сарайшық»  саяхат маршруттары өтті.

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық  филиалының ұйымдастыруымен «Сарайшық-Арыстанбаб-Қожа Ахмет Яссауи-Әйтеке би» бағыты бойынша халықаралық экспедициясы өтті.

Құрманғазы ауданында «Қоғамдық келісім» мекемесі Астрахань облысы, Володар ауданы, Алтынжар селосындағы күй атасы Құрманғазы бабамыз мәңгі тыныстап жатқан мекенге саяхат ұйымдастырды.

«Saltanat Media Group» ЖШС Түркмения, Әзірбайжан, Ресей, Қазақстан мемлекеттерінің қатысуымен туристік кластерді дамытуға арналған «Өз көзіңмен» халықаралық тележобасын ұйымдастырды.

Өлкенің тарихи-мәдени мұрасы мен киелі жерлерін насихаттау мақсатындағы ақпараттар тұрақты түрде «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде, «Ruh kz», «Atyraueli» сайттарында тұрақты жарияланып отырады.

«Атырау облысында тарих және мәдениет ескерткіштері болып табылатын киелі жерлер» атты кітапша жарыққа шықты. Басылымда Атырау облысындағы республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ескерткіштермен қатар, облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдынала есепке алу тізіміне енген 49 киелі саналатын нысандар берілген. Атырау облысында алғаш рет жарық көріп отырған бұл кітапқа тарихи-мәдени ескерткіштерге қатысты бұрын жинақталған экспедициялық материалдармен қатар, аңыз-әңгімелер енген. Кітапша Атырау өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері мен киелі жерлеріне қызығушылық танытқан көпшілік оқырмандарға арналған.

Киелі мекен - Сарайшық көне қалашығы жөнінде балаларға арналған анимациялық фильм түсіріліп, жергілікті арнадан көрсетілімі ұйымдастырылды. Атырау облысы әкімдігінің тапсырмасымен қазақ мемлекеттілігінің тарихында өзіндік орны бар көне Сарайшық қаласы туралы балаларға арналған 10 бөлімдік «Сарайшыққа саяхат» мультипликациялық фильмі түсірілді. Мультфильм сценаристі - Ринат Сүлейменов, режиссері - Данияр Абдраxманов. Мультфильм балалардың көне Сарайшық қаласына жасаған қызықты саяхаты мен бастан кешкен қызықты оқиғалары жайлы сыр шертеді. Түсірілім балалардың бойында туған өлкеге деген сүйіспеншілікті, Отан тарихына деген мақтаныш сезімді ерте жастан қалыптастырады. «Q-Daily» медиа орталығы түсірген фильм бүгінгі күннің өзінде жас көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызып, сүйіп көретін мультфильміне айналды. «Сарайшыққа саяхат» - Қазақстанда ең жаңа технологиялардың көмегімен шығарылған анимациялық фильм. Сценарийді жазарда түсірушілер Атырау облысының Махамбет ауданындағы көне қаланың орнындағы археологиялық қазба жұмыстары орындарына барып, зерттеулермен танысып, ғалымдардың кеңестерін тыңдады. Өлке тарихын сәбилерге мультипликация тілімен жеткізуге бар мүмкіндік жасалды.

Қорыта айтқанда «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы облысымызда белсенді жүзеге асып келе жатырғандығын, болашақта көптеген жоспарларымыздың барлығын айта кетуді жөн көрдім.


Биманова Орынтай Молдашқызы

Атырау өңірлік «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі


Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда