18 Шілде, 2019

Жайықтағы апат: 13 жыл бұрын Қазақстан және РФ президенттері қалай келісті? (ФОТО/ВИДЕО)

ATPress.kz редакциясының түсіру тобы «Ақ Жайықты аялайық!» авторлық экологиялық экспедициясы аясында Орал қаласында болды.


Теңіз тобығыңан келсе...

Еске сала кетейік, экспедицияның мақсаты – Жайықтың бүкіл бойындағы экологиялық ахуалмен танысу, жергілікті тұрғындармен, қоғам өкілдерімен, экологтармен тілдесу.

Атырау облысының Индер кентінде және Батыс-Қазақстан облысының Чапаев селосында болған түсіру тобы Жайықтың мүлдем тайыздап, апат алды жағдайда екеніне куә болды. Батыс-Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында көргеніміз де осындай жағдай - тайыздаған өзен, бұрынғы айдынның орнында шошайған аралдар. Бұндай жағдай Жайықтың тармағы - Оралдың тұсында құйылатын Шаған өзеніне де байқалды. Жеңіс паркі тұсында бірнеше жас жігіттің Шағанды кешіп өткенін өз көзімізбен көрдік. Облыс орталығынан 15 шақырымда өзендегі 3 арал болашақта қосылып, Жайықты мүлдем бөгеп тастауы мүмкін.     

 

Спортшылар қара уылдырық жейтін...

Оралда Индердің тұрғыны, дзюдан жоғары ұлттық санаттағы төреші Асқар Бакеновті кездестірдік.

80-жылдардың басында аудандық БЖСМ жас жаттықтырушысы болған Асқар Бакенов Индер ауданындағы «Динамо» базасында республиканың дзюдо бойынша құрама командасы үшін оқу-жаттықтыру жиынын ұйымдастыруға мұрындық болған екен. Таза ауада, қара уылдырық жеп, жаттыққан жас спортшылар кейін бүкілодақтық жарыстарда тәп-тәуір жетістіктерге жеткен. Қазір ол қиял болып қалды.     

- XIX ғасырда, балық уылдырық шашар кезде адамдарды тіпті жағалауға жақындатпайтын болған. Бұл – табиғатты аялаудың көрінісі - дейді А.Бакенов. Оның пікірінше, проблема ең жоғары деңгейде шешілмесе, Жайық географиялық картадан мүлдем жоғалады.

Оның салдары қандай болмақ? Бүкіл өзен бойында биологиялық және экологиялық жүйе өзгереді. Халық және ауылшаруашылығы объектілері сусыз қалады. Нәтижесінде, жүздеген мың адам экологиялық апат аймағынан жаппай босады.    

 «Көп нәрсе ресейліктерге байланысты»

30 жылға жуық өзеннің экологиялық мәселелерімен айналысып келе жатқан оралдық журналист Александр Суетиннің айтуынша, бұл мәселелерді шешуде көп нәрсе Ресей Федерациясына қатысты. Оның пікірінше, Жайықтың жоғарғы ағысында және ірі тармағы Сакмара өзенінде су қоймаларының болуы – ең басты проблема. Су қоймаларынан су жіберу жүйесі де түсініксіз.

Александр соңғы 100 жылда су тасуы кезіндегі ең төмен деңгей 1967 жылы тіркелсе, биыл одан да төмен болғанын айтып отыр.

 «Анық-қанығын ешкім де білмейді»

Жайықтың апатты жағдайының себептері туралы сауалды «Біздің Жайық - Наш Урал» экологиялық-туристік қозғалысы» ҚБ-нің төрайымы Елена Тарасенкоға да қойдық. Ол кісі көп жыл бойы Жайықтың экологиялық проблемаларымен айналысып келеді. Соның ішінде, Парламент Мәжілісі депутаты болып жүргенде де осы мәселені белсенді көтерді. Сондықтан, Елена Ивановнамен сұхбатымыз мазмұнды болды.        

- Бүкіл өзеннің ахуалын ешкім нақты сипаттап бере алмайды, себебі бұнда бірнеше өңір орналасқан. Ресейде – Башқортстан, Челябинск, Оренбург облыстары. Ал, Қазақстанда тіпті біз – Атырау және Батыс-Қазақстан облыстары жалпы көріністі көре алмай отырмыз, - дейді Е.Тарасенко.

Жайық көктемгі тасқын судан, еріген қардан, таудағы мұздықтардан және жер асты су көздерінен қоректенеді. Өзенде 3 су қоймасы бар. Ең ірісі – Ирикли қоймасы су режимі құбылмалы Жайықтың ағысын реттеу үшін салынған еді.    

Ашығын айту керек, кеңестік кезеңде Жайық бойындағы өңірлердің әрекеті нақты реттеліп отырды. Е.Тарасенконың айтуынша,  сол кезде Жайық өзені мәселесімен арнайы айналысатын Комитет қызмет етіп, оның құрамына министрліктердің, облыстардың, басқармалардың бірінші басшылары кірген. Өзекті мәселелер сонда талқыланып, шешіліп отырды. Бірақ ел ыдырағасын комитет те жойылып, Қазақстан да, Ресей де бұл мәселені назардан тыс қалдырды.

11 жыл өткен соң

- Қазір қалыптасқан жағдай туралы шикі пікірлер көп айтылады. Көп жылғы тәжірибемнен қалыптасқан пікір бойынша мәселені шешудің бірден-бір жолы барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіру болып табылады. Соза берсек, проблема асқынып, күрделене түседі, - дейді Е.Тарасенко.    

Оның айтуынша, тараптардың басын қосып, бірлесе қимылдауға кедергі жасайтын факторлар баршылық. Бюрократиялық кедергілер, келісім рәсімдерінің ұзаққа созылуы, т.б. Басқа да су көздері сияқты Жайықты қадағалайтын ведомстволар талай рет ауысты.

Айта кетейік, 2006 жылы Орал қаласында өткен ҚР мен РФ Президенттері – Н.Назарбаев пен В.Путиннің кездесуінде Жайық мәселесі де талқыланған болатын. Бірақ тек 2017 жылы ғана (11 жылдан кейін!) Жайық экожүйе ретінде танылып, «Жайық өзенінің трансшекаралық бассейнінің экожүйесін сақтау туралы келісім» атты құжатқа қол қойылды.

Аталмыш келісімге дейін де Жайықты сақтап қалу жөніндегі түрлі отандық және халықаралық комиссиялардың ондаған отырыстары өтті. Солардың бірінде, 2012 жылы Оренбург облысының вице-губернаторы Валерий Рогожкин Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімдерге қарамастан шын мәнінде ешкім Жайықты құтқарумен айналыспайды деп мәлімдеген болатын.       

Шенеуніктер сөзден іске көше ме?

- Келіссөздер ұзақ жүреді, көп күш пен уақыт алады. Жауапты тұлғалар мен құрылымдардың жиі ауысуы да кері әсер етеді. Қазір кедергі болатындай ештеңе қалмаған сияқты, енді өзенді құтқару жолдарын іздестіруіміз керек. Алайда, шешім қабылдауға қабілетті және жасақталған ұсынымдардың орындалмауына жауапты болатын тұлғалар нақты араласпай, нәтиже шықпайды. Жайықтың тармақтарында, мәселен, Сакмарада рұқсатсыз су қоймалары салынып жатқаны туралы мәселені талай көтергенбіз. Сондай-ақ, жасанды бөгеттер бар, қараусыз қалған су бетіндегі, су астындағы тат басқан құбырлардың айналасы шөгіндіге толы. Соңғы жылдары арнаны жоспарлы түрде тазалау да тоқтап қалды. Жайылмалық тоғайлардағы бұлақтар жайына қалған, өзен тармақтары тазаланбайды, өзеннің төменгі ағысында суды рұқсатсыз немесе ретсіз алу жиі кездеседі,-деп тізбелеп өтті Елена Тарасенко.- Жалпы, Жайық – жай ғана өзен емес. Бұл – аса күрделі экологиялық трансшекаралық жүйе. Осы проблеманы  шешуде үйлестірілген түрде іс-әрекеттер қабылдануын талап етеміз. Бірлескен институционалдық тетіктерді қалыптастыруда осы жылдың өзінде-ақ алғашқы қадам жасалады деген сенімдеміз.            

Келесі аптада Оралда Жайық өзені ағып өтетін барлық өңірлердің басшыларыының қатысуымен үлкен семинар өтеді. Шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та шақырылған.

- Бұрын құқықтық негіз жоқ деп сылтау айтылса, енді ондай негіз пайда болды. Сондай-ақ, Хельсинки конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелеріміз де бар. Соған сәйкес, барлық жоғары орналасқан су пайдаланушылар өздерінің қимылдарын төмендегі су пайдаланушыларымен келістіруі тиіс. Сондықтан, шұғыл түрде өзара іс-қимыл тетігін жасақтау қажет, - деп атап өтті біздің сұхбаттасымыз әңгіме соңында.         

Ал, біздің сапарымыз жалғасады. Келесі бас тірер жеріміз – Оренбург.

Иә, демекші, 21 шілдеде Жайық күні аталып өтеді.


 (Жалғасы бар)

Каршыға Көшеков

Атырау - Индер - Чапаев - Орал

Фото/видео - Арсен Боранов



Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда