11 Шілде, 2019

Атырауда әуежайдан аса ірі көлемде ақша ұрлаған инженер ұсталды

Көлік полицейлері аса ірі көлемде ұрлық жасаған 23 жастағы инженер-программисті «ізін суытпай» ұстады.

26 сәуірде Атырау станциясындағы желілік полиция бөлімінің кезекші бөліміне 25 сәуірде «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-на тиесілі екінші деңгейдегі банктердің біріндегі шоттан 12 000 000 (он екі миллион) теңге ақша ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті.  

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік полициясының  қызметкерлері  құқыққа қарсы әрекет жасаған күдіктіні «ізін суытпай» анықтап, ұстады. Ол «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ның 23 жастағы инженер-программисті болып шықты.

«Тексеру барысында қаскүнем пайдакүнемдік мақсатпен арнайы білімінің көмегімен, жоғарыда көрсетілген ірі ақша сомасын Атырау халықаралық әуежайының шотынан өзінің танысының банктегі ашық шотына аударып, сол күні ақшаны шоттан шешіп алғандығы анықталды», - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факт ҚР ҚК 188-бабының 4-тармағы 3 бөлігімен, яғни аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған азаматқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ATpress.kz

Сурет: Ашық дереккөз




Ақпараттық ресурс ATPress.kz IOS пен Android қосымшаларда